БІР ҚАРЫН МАЙ ЖӘНЕ ҚҰМАЛАҚ НЕМЕСЕ ПАМПЕРС ТУРАЛЫ ЖАРНАМА
Сонау мұхиттың арғы жағынан тағы да үшбу хат келді. Хат иесі - Мұхтар Мағауин. Жолдаған адамы - Мұхтар Шаханов. Хат мазмұны... Ол туралы сәл кейіндеу гәп қыламыз.
Бұл өзі біз күткен хат еді. Сәл-пәл кештеу келді. Дегенмен екінші жақ шабуылшылары бұл хатты өздеріне келген қосымша күш сияқты қабылдап жатыр. Олардың кім екендігі...
Жә, әңгімені басынан басталық. Осыдан санаулы күндер бұрын әлеуметтік желі бетінде Серікжан Біләшті қолдаушылардың бірі тарапынан: "Мұхтар Мағауин көке, мына Шаханов дегенге шамамыз келмей жатыр. Көмектесіңізші!" деген сыңайда аянышты бір хат жарияланған болатын. Хат мәтінімен танысқан Мұхаң өз аттасының әлгілерге көмекке келетіндігіне бек сенімді болса да өз басым кезінде дәріс берген ұстазымды ондай ұсақ пендешілікке қимап едім. Әйтсе де "Егер көмекке келсе..." дегенімде, Мұхаң: "Онда өзің бірнәрсе қыларсың. Менің онымен тәжікелесіп жататын уақытым жоқ" деген болатын. Соған орай бізге "бірнәрсе" қылуға тура келіп тұр. Қанша дегенмен хат жазылды. Жауапсыз қалдыру ұят. Оның үстіне біз ол кісіге қарата бұрыннан жауап хат жазып үйреніп қалғанбыз. Сондықтан олқысына қоймас. Оның үстіне біздікі қайтарма хат емес, кей мәселелерге көз жеткізу тұрғысында жазылғалы тұр. Сонымен...
Мұха, сіз өз хатыңызға "Үрген қарын" деген тақырып қойыпсыз. Соған орай біз де қарынды тақырыпқа шығардық. Сіздің қарыныңыз... Онша ұтымды тақырып емес. Егер сіз өз кейіпкеріңізді қаңбақ құрлы салмағы жоқ үрілген қарынға теңесеңіз, онда онымен несіне арам тер боп айтысып жүрсіз? Неліктен шетел астыңыз?! Оның үстіне мына үшбу хатыңызда (өзі жүдә көлемді екен) Шахановтың бүкіл ерлік істерін тізіп шығыпсыз. Рас, шамалы мұхатыңқырап айтқансыз. Енді қалай айтсаңыз да соның бәрі Шаханов атқарған іс-шаралар ғой. Және сол атқарылған іс-шаралардың бірде-біреуінде Шаханов өзінің жеке басының мүддесін көздемеген екен. Бәрі де ұлттық мәселе. Сондықтан біз Мұхаң көтерген ол мәселелердің бәрін бір қарынға нығыздап салынған сарымайға баладық. Ал ол "сарымай" игілігін халық көріп келеді. Бәрін тізбелемей-ақ қоялық. Егер Шаханов кезінде "Қазақстандық ұлт" мәселесіне тоқтау салмағанда, онда қазақ халқы тарих сахынасынан көшіп, қазір сіз өмір кешіп жатқан Америка сияқты ұлтсыз мемлекетке айналып шыға келер еді. Шынымды айтсам, сіздің үшбу хатыңызды өзімді қинап отырып зорға оқып шықтым. Енді шау тартқаныңызды білеміз. Бірақ жасы бар болғырдың адам баласына осыншалықты әсері болады деп ойламаппын. Жүдә қазымырланып кетіпсіз. Ойыңыз да бұрынғыдай ұшқыр емес. Өзіңізді қинап жазғаныңыз көрініп тұр. Әлде қаржыдан қысылып қалдыңыз ба?!
Жә, "құмалаққа" келейік. Осы жерде сөзге шамалы пәлсапалық мән беру керек болып тұр. Сондықтан біз тақырыпқа шығарған "сарымайды" бір ауық мемлекет деп ұғайық. Сонда оның қорғаушысы Мұхтар Шаханов екендігі мәлім болады. Ал "құрттар" сол Шахановтың шаужайына жабысып әлеуметтік желі бетінде біраздан бері шәуілдеп жатқандар. "Шәуілдеп жатқандар" деген жай сөз. Шынтуайтына келгенде олар әлгі "сарымайды", яғни мемлекетті шірітіп жатқандар. Байыбына барсақ олар Шахановтың емес, мемлекеттің жаулары. Олардың қандай жау екендігін өз жұмысын жаңадан бастаған "Шахановты қорғау комитеті" анықтайтын болады. Қазіргі кезде Шахановқа қарата айтылған барлық былапыт сөздер мен жабылған жалалар түгелдей көшіріліп алынды. Соның салдарынан халық екіге бөлінді. Енді соған сіз келіп қосылып отырсыз. Осының бәрі уақты келгенде сотқа ұсылылатын болады.
Памперске келейік. Әлгі памперс туралы жарнама бар ғой. Серікжанның бүгінгі жақтастары Біләш жасаған жарнамаға орай сол памперсті киіп алған адамға ұқсайды. Жарнамаға елірген жұрт "памперс" ішіндегі "қоламтаға" әзірге мән берер емес. Ал Шахановтың мұрны ол "иісті" баяғыда сезген. Соны сезгендіктен де: "Мына жерде "иіс" бар" деп билік назарын әлгі жерге аударды. Сол-ақ екен біз жоғарыда тілге тиек еткен "құмалақтар" ұлардай шулап шыға келді. Содан әлі шу. Енді сол бәлелі жерге келіп сіз саусағыңызды тықтыңыз. Бекер болды. Тырнақты қоя беріңіз. Табалдырықтан төмен құлдыраған абыройды айтсаңызшы.
Енді әңгіменің шамалы басын ашайық. Жұрт білетін жәйт мынау: "Серікжан Біләш "Атажұрт еріктілері" қоғамының тізгінін ұстағалы бері Қытай еліндегі қазақтардың жай-күйін күйттеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Бір сөзбен айтқанда ол осы тынымсыз еңбегінің арқасында оралмандар мәселесіне әлем назарын аударды".
Әрине, мұндай ұлағатты істі қолға алған атпал азаматқа қарсы шығу - күнә. Шынтуайтына келгенде, бұл әңгіменің бәрі жәй ғана жарнама. Әлгі памперстің жарнамасы сияқты. Бір ғана жәйтқа назар аударайық. Қытайда әу бастан бір жарым миллион қазақ бар деп айтылады. Кейінгі кезде өсімге байланысты тағы да 200 мың қосылып жүр. Серікжан болса ол санды үш миллионға жеткізеді. Кейде бес миллион деп те қояды. Ол бұлай айту себебін бір дөңгелек үстөл басындағы сұхбатында ашық аңғартты. Әлгі дөңгелек стөл басындағы әңгімеден ұққанымыз, "Атажұрттықтардың" бар мақсаты, оралмандар есебінен Қазақ жеріне ұйғырларды алып келу екен. Егер қазақ есебінен бір жарым миллион ұйғыр шекара асса, оларға Шонжы аймағынан автаномия сұрауға мүмкіндік туады. Ал одан кейін олар бүгінгі қазақ оралмандары сияқты қалған ұйғырларды да шақырып алады. Ал Қытай еліне жердің босағаны қымбат. Бұл мәселе Шахановқа баяғыдан белгілі. Мұхаң әзірге "Көп жәйт сотта ашылады ғой" деп үнсіз қалып келеді.
Енді Мұха сізге және Серікжанның бүгінгі жақтастарына сауал. Шаханов Серікжанның ұйғырларға қатысты ұстанымын білгеннен кейін "Оралмандар мәселесімен билік айналыссын" деп айтуға қарқысы бар ма, жоқ па?! Шаханов бұдан артық бір ауыз сөз айтқан жоқ қой. Ендеше ауыздарыңыз қисаймай "донос" деген сөзді не себепті айтып жүрсіздер?! Енді ұйғырларды қанша жерден жақсы көрсеңіздер де, олардың қазақ жерінде мемлекет құруына мүдделілік танытсаңыздар да Шахановты өз ұстанымынан айныта алмайсыздар. Мұхаң қазақтың ұлтарақтай жері үшін әу бастан айтысып келе жатқан қазақ. Сондықтан Мұха, орайлы сәтті пайдаланып, Серікжанның есебінен Шахановтан есе қайтарамын деген ойыңыз ұят болды. Әлде сіз біржола амарикандық болып кеттіңіз бе?
Осымен тәмам. Сәл-пәл шамырқаныңқырап кетсек, ғафу етерсіз.
Құдияр Біләлдің fasebook.com парақшасынан алынды.