4-тамыз күні Ливандағы Бейрут портында үлкен жарылыс орын алып, 78 адам қаза тапқан. Сондай-ақ төрт мыңнан астам адам түрлі дене жарақатын алып, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Ауруханаларда орын қалмай, жарақат алғандар Бейрут қаласының төңірегіндегі медициналық мекемелерге жөнелтілуде.
Портқа жақын маңдағы үйлердің шатыры ұшып, қала бойынша тұрғын үйлерге зақым келген. Сонымен қатар жарылыс болған елде интернет жұмыс істемей тұр. Мұның жарылыспен қаншалықты байланысты екені туралы ақпарат жарияланбады.
Төтенше жағдай салдарынан ливандық «Катаиб» партиясының бас хатшысы Низар Наджарян қаза болды. БҰҰ-ның 48 қызметкері түрлі дене жарақатын алған.
Жарылыс 4,5 балдық жер сілкінісімен бірдей күште орын алыпты. Ал оның дауысы порттан 250 шақырым қашықтықтағы Кипр астанасы Никосия қаласына дейін естілген.
Бейрутте екі апталық Төтенше жағдай режимі жарияланды.
Ливанның Ішкі істер министрі Мұхаммед Фахмидің айтуынша, портта мырыш селитрасы жарылыпты. Ал кей телеарналар бұл жарылысты Израиль күштерімен, кейбірі ескірген жарылғыш заттардың уақытылы жойылмауымен байланыстырып отыр. Израиль тарапы бұл ақпараттық жоққа шығарып, порттағы жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың айтуынша, портта жарылғыш заттарды тасымалдайтын кеме жарылған. Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп пен АҚШ Қорғаныс министрлігі Бейрутте бомба жарылғанына еш шүбә келтірмейді.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің жоғары кеңесін шақырып, үлкен жиын өткізбек. Сонымен қатар төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге мемлекет есебінен көмек болатыны айтылды. Ал Бейрут қаласының губернаторы жағдайды «Хиросима мен Нагасаки» оқиғасына балады.
Қазір Ливанға Түркия, АҚШ, Франция, Канада, Израиль сияқты бірқатар мемлекеттер көмек көрсетуге бейіл.