Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда 20 мыңнан астам мұғалімнің интернетке мұқтаж екенін айтты. Министр бұл мәселені шешу үшін мектептегі компьютерлерді мұғалімдердің пайдалануына беру арқылы шешпек.
«Жергілікті атқарушы органдар жыл басынан бері мектептепді компьютерлермен жабдықтауға күш салып келеді. Елімізде 185 мыңға жуық оқушының компьютері жоқ. Біз аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда осындай мұқтаждық бар екенін байқадық. Сондықтан 1-қыркүйекке дейін 500 мың оқушы компьютермен қамтамасыз етіледі. 24 мың педагогтың жеке компьютері жоқ, ал 2 мың мұғалім интернетке зәру. Бұл мәселе мектептегі компьютерлерді мұғалімдердің уақытша қолдануына беру арқылы шешіледі», - деді ол.
Министрдің сөзіне сенсек, білім беретін мекемелердің әрбірі интернет-платформа таңдау құқығына ие.
«Біз тексеру және дайындық жұмыстарын жүргіздік. Осындай қысылтаяң уақытта түрлі интернет-платформалар жасалды. Сондай-ақ телесабақтар да жүйеленіп, бағыты айқындалды. Барлығы 6 мыңға жуық телесабақ түсіру жоспарланып отыр», - деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, телесабақтар «Әл-Фараби» және «Ел-арна» телеарналарынан көрсетіледі. Сабақтар күніне 9 сағат жүргізіледі», - деді ол.
«Бұдан бөлек, барлық телесабақтар қолданушыларға қолжетімді болуы үшін интернет сайттарға орналастырылады. Әкімдіктерде аталған арналардың қолжетімділігі талқыланып жатыр. 604 ауылда арналар көрсетілмейді, бірақ ол жерлерде 314 оқушы бар. Бұл мәселе жергілікті арналарды ретранслияциялау арқылы жүзеге аспақ», - деді ол.