Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы қазақстандықтарға үндеу жасады. "Қазір жаназа көп, құрметті ағайындар, ет жақыны болмасаңыздар, жаназа рәсімдеріне бармаңыздар", - деді ол.
"Ардақты ағайындар! Қазіргі індетке байланысты мен сіздерге маңызды бір үндеу тастағым келіп отыр. Жаназа көбейді. Күн сайын қаралы хабарды естіп, жүрегіміз ауырып, көңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысуда. Өкінішке орай, әлі күнге дейін ауыл-ауылда, тіпті қалаларда құдалық сияқты той-томалақ әлі үзілмей тұр, жалғасып жатыр. Соны доғарыңыздар. Болмайды... Себебі сол құдалыққа, сол қуанышқа келген кісілердің арасынан осынау дертке шалынып, қаншама адам мына дүниемен қоштасып жатыр. Сондықтан тойды, томалақты, құдалық сияқты рәсімдерді доғарыңыздар. Қазір жаназа көп, құрметті ағайындар, ет жақыны болмасаңыздар, жаназа рәсімдеріне бармаңыздар", - деді Қайрат Жолдыбайұлы .
"Құрметті жаназа иелері, ағайын-туысқа айтыңыздар: "біз сіздерді түсінеміз, жаназаға келмей-ақ қойыңыздар. Мына індет біткеннен кейін, өлімге қатысты барлық рәсімді жасаймыз, сол кезде келесіздер" деп айтыңыздар. Құрметті ағайындар, аз ғана қазақ қырылып қалмасын десек, той-думанды, құдалық сияқты рәсімдерді тоқтатыңыздар. Жаназаға бармаңыздар", - деді дінтанушы.