Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы Сәуле Қасенова коронавирус пандемиясы кезінде пневмониясы бар науқастарда неге ентікпе пайда болатынын түсіндірді.
Профессор қазақстандықтарға өте сақ болуға кеңес берді.
"Елімізде коронавирус инфекциясының өршуі вирустың тез таралуымен байланысты. Пульмонолог дәрігер ретінде өкпенің зақымдануына назарларыңызды аударғым келеді. Себебі коронавирус кезінде өкпеге зақым келеді. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясы кезінде пневмония өршіп тұр. Оның себебі вирус төменгі тыныс алу жолдарын жай зақымдап қана қоймайды", - дейді медицина ғылымдарының докторы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда дәрігер кейбір науқастарда коронавирус ринит, фарингит ауруларын қоздыратынын жеткізді.
"Егер вирус төменгі тыныс алу жолдарына түссе, пневмония пайда болады. Алайда аурудың морфологиялық картинасы оның әдеттегі пневмония емес екенін көрсетеді. Мұнда геморрагиялық синдром байқалады. Өкпенің тамырлары, қыл тамырлары (капилляр) қабынады, қан қоюланады. Сондықтан науқастарда ентікпе пайда болады. Оларға ауа жетіспейді. Күрделі жағдайда науқаста өткір респираторлы дистресс синдромы пайда болады. Дәрігерлер оларды тыныс алдыру аппаратына қосуға мәжбүр", - деді Сәуле Қасенова.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 59 899-ға жетсе, жазылғандар саны 34 190. Сондай-ақ 375 адам аталған аурудан көз жұмды.