Азаматтардың тапсырған ПТР-сынамасы 75-80 пайыз теріс көрсеткіш көрсетуде. Бұл туралы Ұлттық медицина орталығының төрағасы Абай Байгенжин айтты.
«Біз ПТР және ИФС сынамаларын жасайтын аз ұйымның біріміз. Бізде тес тапсырғандар ішінен 20-25 пайыз деңгейде ғана оң көрсеткіш көрсетеді. Қалғаны – профилактика үшін тапсырған, ақшасын құр шығындаған адамдар», - деді ол.
Сонымен қатар, медициналық орталықтың басшысы компьютерлік томографияға түсетіндерді де сынға алды.
«Бізде КТ жүргізетін екі машина бар. Олар таңнан кешке дейін, тіпті, түнде де босамайды. Біз келушілерден не үшін КТ түсіп жатқанын сұраймыз. Көпшілігі сақтық үшін. Бірақ бұл нәрсенің ағзаға зиянды екенін ұмытпаған жөн», - деді Байгенжин.
Абай Байгенжин жедел-тесттерге сенім жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, сенімді анализ қорытындысын алу үшін ПТР тапсыру керек.
«15-20 минутта қорытынды жасайтын жылдам тесттер – жалған. Біз АҚШ-тағы, Париждегі клиникалармен байланысқа шықтық. Барлығы түгел өтірік. Экспресс-тестке сенбеңіздер, бұл – фейк», - деді ол.
Айта кетейік, ғылыми медициналық орталық 24-маусымнан бастап пандемия кезіндегі инфекциялық ауруханаға айналды. Бұл туралы мекеме басшылығы мәлімдеген еді.