Расизм дауы: Тағы бір афроамерикалықты полицейлер атып өлтірген
Джорджия штатында тағы бір афроамерикалықтардың полицейлер қолынан қаза табуына байланысты қоғамдық дүмпу басталды. Афроамерикалық полицейлердің оғынан жараланып, ауруханада жантәсілім еткен. АҚШ полициясының мәліметіне сүйенсек, 27 жастағы Рэйшард Брукс есімді афроамерикалық жұма күні кеште жараланған. Тәртіп сақтау өкілдеріне кафе алдында көлігінде ұйықтап жатқан адам туралы шағым түскен. Полиция қызметкерлері оны тексерген кезде ішімдік ішкені анықталған. Афроамерикалық полиция қызметкерлерінен қашып кетпек болғанда оның бағытына оқ атылыпты. Брукс ауруханада ота үстінде қаза тапты. Қазір Джорджия штатының полиция тергеу бюросы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Рэйшард Брукстың өлімінен кейін баскөтерулер қайта басталып, қалалық полиция бастығы Эрика Шилдс өз еркімен отставкаға кетті. Бұл туралы қала мэрі Лэнс Боттомс мәлімдеді. Боттомс қаза тапқан азаматтың жақындарына көңіл айтып, жағдайды толыққанды тексеретіндерін жеткізді.