Алматыда шетелдікті әуежайдан қалаға 33 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісі ұсталды
АЛМАТЫ. BAIRAQ.KZ - Шетелдік азаматты Алматы әуежайынан қалаға дейін 33 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісі ұсталды. Бұл тұралы хостел иесі Шәкір Исламбакиев Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Такси жүргізушісі табылды. Ақшаны қайтарды. Шетелдік бұл қаржыны WaterAid UK, ауыз су тапшылығы мәселелерімен айналысатын компанияға аударды», - деп жазды Шәкір Исламбакиев. Кәсіпкер БАҚ өкілдеріне,әкімдікке, Visit Almaty, Алматы әуежайының баспасөз қызметіне және полиция қызметкерлеріне алғыс айтты. «Сол күні әуежайда осы мәселе бойынша шұғыл жиын өтті. Себебі, таксистердің құрығына тек жалғыз осы турист түскен жоқ. Жекеменшік тасымалдаушылар шетелдік қонақтарды алдап, ақшаларын қалталарына басады. Енді,бұған жол берілмейді. Әуежай аумағында арнайы ақпараттық тақта орнатылады. Онда такси қызметінің орташа тарифі жазылатын болады»,-деді ол. Естеріңізге сала кетейік, такси жүргізушісі шетелдік азаматты әуежайдан қалаға дейін 33 мың теңгеге алып келген.