Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы жыл сайын жаңартылып отыратын жоғары оқу орындарының рейтингін жариялады.
Рейтингке қазақстандық 10 университет кірген. Үздік нәтиже әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі – 165-орын. Бұл ЖОО 2015 жылдан бері аталмыш компания құрастыратын рейтингте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
Ал Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті 418-орыннан 357-орынға жылжып, даму қарқынының жылдамдығын көрсетті.
Әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына Әуезов атындағы университет те кіреді. Аталмыш оқу орыны рейтингте 490-орында тұр.
Үздік ондықта АҚШ пен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары көп. Бір жыл ішінде үздік үштікке өзгеріс енбеді. Бірінші орында Массачусет технологиялық университеті, екінші орында – Стэнфорд университеті, үшінші орында – Гарвард университеті.