Карантин режимі – көп дүниеге өзгеріс әкелгені сөзсіз. Осы уақыт аралығында Алматы қаласы бойынша 2 367 отбасы құрылса, 536 шаңырақтың оты өшкен. Бұл туралы қаланың Заң департаменті мәлімдеді.
«Үш ай ішінде (наурыз, сәуір, мамыр) 2 367 неке қиылды. 536 неке бұзылып, оның 309-ы сот арқылы жүзеге асқан. 2018 жылдың дәл осы мезгілд аралығында 1 003 отбасы ажырасқан еді. Карантин уақытындағы көрсеткіш екі есеге қысқарды. Кейде ажырасуға өтініш білдіргендер келмей қалып та жатады. Ал неке қию көрсеткіші өткен жылғымен шамалас», - деп жазылған департамент мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Алматы қаласында карантин режимі 19-наурыздан бастап енгізілген. Қазір бірқатар нысандар жұмысын қайта қалпына келтіруге рұқсат алды.
Ажырасу үшін төленетін мемлекеттік шығын құны – 2 айлық есептік көрсеткіш немесе 5 556 теңге. eGov порталы арқылы ортақ балалары мен мүліктері жоқ отбасылар ғана ажырасуға өтініш білдіре алады.