Алматыда екі полиция қызметкерінің көз жұмуына себеп болған көліктің жүргізушісі құқық қорғау қызметінде алты жыл жұмыс істепті. Бұл туралы қаланың Полиция департаменті мәлімдеді.
«Апат жасаған жүргізуші бұрын қызметте болған. Полиция қатарында алты жыл жұмыс істеп, қызметін дұрыс атқармағаны үшін шығарылған. Ол жұмыс барысында алған қатаң сөгістерден нәтиже шығармады. Заңды және оның жауапкершілігін біле тұрып, мас күйінде көлік тізгіндеген. Мұның арты қылмысқа әкеліп соқты», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтірді деген айыппен 1994 жылы туған азамат тарапына ҚР ҚК 99-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысы дәлелденгеннен кейін күдікті 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір күдікті қамауға алынған.
Еске сала кетейік, кеше таңертең мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушінің Көксай ауылындағы блок-бекетте жасаған апатының нәтижесінде екі полиция қызметкері бақилық болды.