Алматы қаласының әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов маска кимеген азаматтар айыппұл арқалауы мүмкін екенін айтты. Онлайн-брифинг барысында Қожағапанов қала көлемінде маскалық режим орнатылғаны туралы нақты айтты.
«Маскалық режим науқастар санының аз болуы мен жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Біз бүгін барлық аудан әкімдері мен Полиция департаментіне тапсыра бердік. Олар кешеден бері белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. 400-ден астам маска кимеген азамат ескерту алды. Әзірге тек ескерту жасап отырмыз. Алдағы уақытта әкімшілік шаралар қолдануымыз ықтимал», - деді ол.
Әкімнің орынбасары, ең алдымен, қоғамдық көліктерде міндетті түрде маска кию керектігін айтты. Ал айыппұл көлемі туралы ақпаратты қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жеткізді.
«Егер азаматтар маска кимеу арқылы карантин талаптарын бұзса, 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынады. Ал аумағына қызметкерлерді маскасыз кіргізген нысан басшылығы 15 АЕК (41 670 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Егер осындай құқық бұзушылық шағын бизнесте орын алса, айыппұл көлемі 100 АЕК (277 800 теңге), орта бизнес үшін 200 АЕК (555 600 теңге), ірі бизнес үшін 500 АЕК (1 389 000 теңге) болуы мүмкін», - деді ол.