Болашақта, егер оқушылар ауа-райының қолайсыздығына байланысты сабаққа қатыспаса, қашықтықтан оқытуды қолдануға болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. Министр болашақтағы білім берудің форматы туралы алаңдайтын ата-аналарға жүгінді.
Ол Ковид-19-ға байланысты қашықтықтан оқытудың қажетті шара екенін түсіндірді.
«Біз білім беру үзілмеуі үшін барлық мүмкіндікті пайдаландық. Дегенмен, балалар, ата-аналар, мұғалімдер және министрлік - бәріміз жақсы түсінеміз, бүгінде ең тиімді және ыңғайлы формат - бұл мектептегі дәстүрлі күндізгі оқыту. Күндізгі оқудың дәстүрлі түрін ешкім жоймайды»
«Болашақта мұндай жағдайларға дайын болу керек, сондықтан президенттің тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда» , - деді ол. Аймағамбетовтың айтуынша, қашықтықтан оқыту технологиясын дамыту және мектепті ақпараттандыру қажет.
Министр ЮНЕСКО мәліметтері бойынша бүкіл әлемде 1,5 миллиардтан астам оқушы қашықтықтан оқыту технологиясының көмегімен оқуды жалғастырғанын атап өтті.