Бұрынғы қызметкерлер компания басшылығын заңсыз қызметтен босатқаны үшін айыптап отыр. Алматыдағы ірі фармацевтикалық компания басшылығы қызметкерлерін өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүрлеген, дегенін қылмаса арнайы баппен жұмыстан шығаратынын айтып қорқытыпты.
Ал фармкомпанияның бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша, карантин кезінде олар демалыссыз жұмыс істепті.
«Антисептик, спирт – денсаулыққа зиян нәрселер. Біз 12 сағат жұмыс істедік. Түскі асқа 20 минут уақыт беріледі. Күніне 20 минуттан екі үзіліс. Қалған уақыттың барлығында жұмыс», - дейді қысқартуға іліккен қызметкерлердің бірі Гүлмира Ыдырысова.
Екінші бір қызметкер өзінің ескерту алмағанын, дұрыс жұмыс істегенін, дегенмен кеше оған аяқ асты қызметтен кету туралы арыз жазу керектігін айтыпты.
«Dosfarm компаниясында 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеймін. Бізді кеше жайдан-жай жұмыстан шығарды. Он шақты адамды осылай қысқартып отыр», - деді Айбибі Мұқанжанова.
Енді кеше ғана осы жерде еңбек еткен қызметкерлерді ғимараттың табалдырығынан да аттатпай отыр екен. Тіпті, есептеспеген де, құжаттарын да бермеген.
«Мен 10 жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін. Не үшін шығарады. Мен сұрадым, олар айтқан жоқ. Менің несием бар. Әлі екі жыл төлеуім керек», - дейді Жанна Есмұхамбетова.
Ал заңгерлер карантин уақытында қызметкер коронавирус жұқтырса ғана жұмыстан шығаруға құқысыз екенін қалған жағдайдың барлығында мәселе жұмыс берушінің құзырында екенін айтады.
«Бізде Алматы қаласының бас дәрігерінің қаулысы бар. Ол құжатта қызметкер инфекция жұқтырса ғана ол емделіп жатқан уақытта жұмыстан шығару заңсыз деп саналады. Басқа жағдайда жұмыс берушінің қызметкерлерін жұмыстан шығаруына шектеу қоятын құжат жоқ», - деді Серік Айтбаев.
Ендігі уақытта компанияның экс-қызметкерлері өз құқықтарын сотта қорғамақ. Айтуларына қарасақ, табыссыз қалыпты. Тіпті, бұл қызметкерлер ТЖ кезіндегі сыйақыны да алмаған.