Алматы полициясы «INFOGOV» мобильді қосымшасын пайдалануға кеңес береді
АЛМАТЫ. Bairaq.kz - Алматы полициясы «INFOGOV» мобильді қосымшасын пайдалануға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бұл қызмет азаматтарға әртүрлі келеңсіз жайттарды суретке, бейнетаспаға түсіріп, аудио жазып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, смартфонға орнатылған мобильді қосымшаны пайдаланып, серверге жібере алады. Полиция өз кезегінде келіп түскен деректерге сүйене отырып, хабарламалар картасын жасайды және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ақпаратқа талдау жүргізеді. Интерактивті коммуникация жүйесі азаматтар мен полицияның бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», - деді Алматы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев. Сонымен бірге, полицияның мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде шыққан материалдарға талдау мен мониторинг жүргізу жалғасуда. «Біз барлық дабылға тиісті шаралар қабылдау арқылы дереу жауап береміз. Қазіргі уақытта департаменттің ресми сайтында «Басшы блогы» ашылды, азаматтар сол арқылы сұрақтарына жауап ала алады және уақтылы көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері тұрғындардан 1 310 өтініш келіп түсті. Тәжірибе көрсеткендей, бұл - қоғаммен қарым-қатынастың ең тиімді түрлерінің бірі», - деді Серік Күдебаев.