Қытайдағы беделді басылымдардың бірінде Қазақстан Республикасының территориясына қатысты мақала жарияланған. Бұл мақалаға қатысты ҚР СІМ Қытай елшісі Чжан Сяо арқылы ҚХР билігіне наразылық нотасын жөнелткен-ді.
Осы мәселеге қатысты қоғам қайраткері, Ұлттық кеңестің экс-мүшесі Арман Шораев Bairaq.kz порталына пікірін білдірді.
«Біздің СІМ әрекетін қолдаймын. Одан да қатаң шараларға қол жеткізуге болады. Мысалы, біздің елімізде Қытайдың кәсіпорындары бар, соларға қысым жасауға болады. Біздің елден Қытайға жүріп тұрған мұнай, газ құбырлары бар. Соларды тоқтата салу біз үшін аса қиын дүние емес. Бұл қадамды да қарастырып көруге болады. ҚХР әрекеттері бұрыннан белгілі.
Қытайдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдар, «қайта тәрбиелеу» легерлеріндегі әрекеттеріне жауап беретін уақыт келді. Мұның бәрі бізге мәлім. Біздің мемлекет, біздің басшылық көрші ел билігіне осындай сұрақтарды қоюымыз керек.
Ешқандай жасқанатын жөніміз жоқ. Біздің санымыз Қытайдан 100 есе аз болса да, намысымыз 100 есе жоғары екеніне сенемін. Алдағы уақытта да ҚХР билігімен осындай диалогты жалғастырып, қордаланған мәселелерді шешуге ұмытылуымыз керек».