Алматы дәрігерлері тағы шу көтерді. Бұл жолы «Көктем» санаторийінде карантинде жатқан қаладағы орталық клиникалық аурухананың қызметкерлерінің біріне коронавирус анықталған анализ қорытындысын жіберген. Ал бұл қорытынды тегі ұқсас басқа дәрігерге тиесілі екен.
Бұған ашуланған медицина қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа шағым айтты. Министр өз кезегінде мәселені шешуге уәде етті.
Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров іссапармен Алматыға келіп, мәселенің анық-қанығын анықтады.
«Мәселе екі дәрігердің тегінің ұқсас болуында. Екеуі де базаға осы аурухананың қызметкері ретінде тіркелген. Шатасып кету әбден мүмкін. Міне, тест қорытындысын жариялағанда бәрі анықталды. Ешкім бұдан зардап шеккен жоқ. Дауға нүкте қойылды», - деді Надыров.
Вице-министр мұндай қателіктің екінші рет қайталабауы үшін министрлік шара қолданады деп уәде етті. Сондай-ақ, ол коронавируспен күресіп жатқан барша қызметкерге алғыс айтты. Ал қателіктің жауапкершілігі кімнің мойнында екенін айтпады.