Травматолог-дәрігер Алматы қаласындағы Қалалық орталық клиникалық ауруханасында жұмыс істейді. Ол барлық әріптестері карантин талаптарын қатаң сақтағанын айтады.
«Бұл видеоны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жолдаймын! Бізде қазір жағдай ауыр. Сабыр мен төзім керек. Біз өзіміздің қауіпті жерде жүргенімізді біле отырып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жұмыс істедік», - дейді дәрігер.
Сондай-ақ, ол 11-сәуір күні аурухана басшылығы барлық қызметкерді конференция залында жинап, анализ тапсыру қажеттілігін айтқан. Заң бойынша, үш адамнан артық бас қосуға болмайды.
«Біз анализ тапсырдық, сосын бізді бір көлікпен «Көктем» санаторийіне жеткізді. Әр бөлмеде үш-төрт адамнан жатырмыз. Ал анализ қорытындылары үш күннен кейін шығатын болыпты. Анализ қорытындысында 56 адамның инфекция жұқтырғаны анықталған. Олардың барлығы бір-бірімен араласты, бірге жатты. Біз коронавируспен күресе жүріп оның тасымалдаушысы болғымыз келмейді», - деді дәрігер.