Алаштың ар-ожданы атанған Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек» деп бекер айтқан жоқ. Тіл үшін күресіп өткен қайраткердің «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай. ХХ ғасырға дейін шұрайлылығын жоғалтпаған қазақ тілі соңғы жылдары калька аударманың құрбаны болып жүргені жасырын емес.Оның үстіне, байырғы қазақ сөздерінің айтылу-жазылу заңдылығын бұзып, тілді одан сайын шұбарландырып жүрген жайттар жиіледі. Осының бір мысалы – осы күндері әлеуметтік желіде қазақтың «нар тәуекел» деген сөз тіркесі бірге жазыла ма, бөлек жазыла ма деген дау шығыпты. Бәлкім, базбіреулер саяси науқанды пайдаланып, қарсыласты сынау үшін бастаған шығар, біздікі – қазақ тілін саяси пікірталастың көсеуі етуден сақтау, тіл бұзуға тосқауыл қою.
Бірнеше күннен бері қоғамдық ортада «нар тәуекел» тіркесінің жазылуына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. «Нар тәуекел!» – деп, мен де өз ойымды білдірмекпін.
«Тәуекел» сөзі араб тілінен енген. «Тәуекел пенденің барлық діни және дүниелік бастамасында Алла оны жақсылыққа жеткізіп, жамандық атаулыдан сақтайтынына бүкіл жан-дүниесімен арқа сүйеп, үміт артуы және алдына қойған мақсатына жететініне нық сенімде болуы» дегенді білдіреді (http://fatua.kz/kz/post/view?id=458). Яғни адамның дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдыретіне сүйенуі, тағдырға ризашылықпен көнуі. Қайрат Жолдыбайұлы «тәуекел» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасын «Белгілі бір мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті заттық және рухани барлық себеп-салдарларды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсыру, күту» деп сипаттайды.
Мұсылман баласы әр істе Алла тағалаға тәуекел етеді. Тәуекел еткен адам Алла тағалаға толық иман келтірген адам саналады. Себебі, тәуекел ету үшін Алланы тани білуі қажет, ол үшін иман мен білім керек. Иманы толық болмаған адам шынайы тәуекелге де бара алмайды. «Құран кәрімнің» «Ибраһим» сүресінде «Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін» делінген (11-аят). «Һуд» сүресінде «Көктегі және жердегі сырды білу Аллаға ғана тән, барлық іс Алланың алдына барады. Құдайға құлшылық ет, Аллаға бел байлап, тәуекел ет. Алла Тағала барлық ісіңнен толық хабардар» делінген (123-аят). Тәуекел ету турасында «Фұрқан» сүресінің 59-аятында да, «Әли Ғымран» сүресінің 159-аятында да сөз болған.
Тәуекел еткен адам талаптанып, еңбектенуі керек. Лайықты әрекет еткен соң ғана істің қайырлы болуын Алладан сұрауы қажет. Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе әлде бос жібере салып, тәуекел етейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет», – деген екен. Яғни лайықты әрекет еткен адам ғана берекеге кенеледі. Сондықтан аят, хадистерге сүйене отырып, халқымыз «Әрекетке берекет»; «Сақтансаң – сақтаймын» деген»; «Қайраттану бізден, табысы Алладан»; «Жүргенге жөргем ілінеді» дейді. Ислам негізін терең түсінген Абай Құнанбайұлы да «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас», – дейді.
Алла тағала өзіне сеніп, тәуекел еткен адамды қолдайды, күтпеген жерден ризық береді, жолын оңғарады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Кім де кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ», – десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түстің, бар қажеттілігің қамтамасыз етілді, қорғауға алындың», – делінеді. Шайтан оған жолай алмайды», – деген. Сондай-ақ хадисте тәуекел еткен адамға Алла тағала ырыздық-несібе беретіні туралы айтылады: «Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді».
Мұсылманның иманы күшті болған сайын Алла тағалаға тәуекелі де күшті болады. Тәуекел ету – пайғамбарлардың ортақ сипаты. «Құранда» Нұх (ғ.с), Мұса (ғ.с), Ибраһим (ғ.с.), Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тәуекел еткені туралы баяндалады (https://ummet.kz/makalalar/347-bir-ayat-tapsyry/7152-alla-a-t-uekel-etudi-ma-yzdyly-y.html).
Ислам қағидаларын терең түсінген халқымызда тәуекелге қатысты мақал-мәтел, ғибратты сөздер көптеп саналады: «Тәуекел нарды жығады», «Тәуекелдің көңілі тоқ», «Ер жолдасы – тәуекел». «Тәуекелшіл тау жығар», «Тәуекелсіз іс бітпейді, Тәуекел етпеген арықтан өтпейді», «Тәуекел ет те, тас жұт, Ажал жетпей өлмек жоқ», «Ер жолдасы – тәуекел», «Уайым түбі – тұңғиық, Батасың да, кетесің. Тәуекел түбі – желқайық, Мінесің де, өтесің»; «Тәуекел тау жығады», «Тәуекелдің кемесі суға батпас», «Тәуекел ел сақтар», «Тәуекел дария кештіреді», «Тәуекел – көзсіз батылдық», «Тәуекел тау бұзады», т.с.с.
Сондай-ақ ақын-жазушыларымыздың шығармаларында да тәуекелге бел буу, тәуекел ету ашық дәріптеледі:
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
(Сұлтанмахмұт Торыайғыров «Оқып жүрген жастарға»)
Болам десең елден ерек көңілді,
Оның да аты – Тəуекел.
Қалауымша құрам десең өмірді,
Оның да аты – Тəуекел.
Өзен жатса арнасынан тасып көп,
Оның да аты – Тəуекел.
Ару қызға қалсаң кенет ғашық боп,
Оның да аты – Тəуекел.
Сапар шексең көз көрмеген алысқа,
Оның да аты – Тəуекел.
Көк кемесі ұшып жатса ғарышқа,
Оның да аты – Тəуекел.
(Ақылбек Шаяхмет «Тәуекел»)
Тілімізде «тәуекел» сөзінің қатысуымен бірнеше тұрақты тіркес қалыптасқан: тәуекелге басты, тәуекелге салды, тәуекелге барды, тәуекелге бел байлады, тәуекелге бел буды, тәуекелдің тонын киді, тәуекел етті, тәуекел қылды, тәуекел Хаққа байланды (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы, 2011. – 72-73-б.).
Қазақ тілінде «тәуекел» сөзімен қатар «нар тәуекел» тіркесі де жарыса қолданылады. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» «нар тәуекел» тіркесі былайша сипатталған: «Нар тәуекел. Жағдайдың киын екенін біле тұра, бір іске батыл кірісіп кету. Нар тәуекел – ер аты! Тасқа салса, таймайды. Тәуекел – ер қанаты, Тау асса да, талмайды (Ө.Тұрманжанов, Бозша.). «Қандай бақыт түсініскен, сеніскен». Біраздан сон кику шықты еңістен. Бұл – әрине, Қуғыншының хабары. – Нар тәуекел! Келсе, келсін! Батыр жігіт томсарды, Томсарды да қанжарына қол салды (М.Шаханов, Ғасырлар.). Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға, Қайрат шіркін алып шықса қиын ба? Бұл сапарда сүрініп те қалармын. Сонда, досым мені айыпка бұйырма (Қаз. тілі фраз. сөзд.).
«Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» «НАР ТӘУЕКЕЛ! Қиын-қыстау жағдайды көре тұра іске көз жұмып кірісуде айтылады. Тәуекел еттім. Нар тәуекел, бұл жолға мен-ақ барамын (АТ). Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға, Қайрат шіркін алып шықса қиын ба? Бұл сапарда сүрініп те қалармын, Сонда, досым мені айыпка бұйырма (Қ. А.)» түрінде сипатталған (404-бет).
«Нар тәуекел» тіркесі көбінесе тәуекелге бет байлағанда айтылатын ұран іспетті. Оны ақындардың сөз қолданысынан да аңғаруға болады:
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
(Қасым Аманжолов «Нар тәуекел»).
Нар тəуекел!
Адамдардың ұраны,
Барлық өмір тəуекелден тұрады.
(Ақылбек Шаяхмет «Тәуекел»).
Қазақ Алла Тағаланың қолдауына үміт артып, «нар тәуекел» деп әрекет еткен. Сондықтан тілімізде «Нар тәуекел – ер ісі» деген нақыл сөз сақталған.
«Нар тәуекел» сөзі осы уақытқа дейін шыққан орфографиялық сөздіктерде, академик Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде, «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» де, ақын-жазушылардың шығармаларында бөлек жазылып келді.
Филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай, филология ғылымының докторы, профессор Қаламқас Қалыбаева, филология ғылымының кандидаты Аман Абасилов сынды ғалым, зерттеушілер «нар тәуекел» фразеологиялық тіркес болғандықтан бөлек жазылуы керектігін айтса, болашақта жарияланатын орфографиялық сөздікті құрастырушылар енді ол тіркестің бірге жазылатынын айтады. Бірге жазылуының себебін филология ғылымының докторы, профессор А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Құралай Күдеринова: «Бұл сөз қайта-қайта, жиі айтыла келе өзінің күшейткіш реңкінен айырылып, бірімен бірі қосылғанда ғана «бір нәрсеге басын тігу, тәуекел ету» дегенді білдіреді де, қазіргі бүкіл жазарманның санасында бірге таңбаланып кеткен. Сондықтан бұл 2013 жылға дейін бөлек жазылып келді. Енді жаңа латын әліпбиінде ол бірге жазылатын болады», – деп түсіндірсе, филология ғылымының кандидаты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан: «... Енді біріктірсек пе деп тұрмыз. Себебі бұл сөз дефразеологизацияланып кетті. Яғни бұған дейін бейнелі қолданыс – фразеологизм еді ғой, енді ол бейнелілігінен айырылып, тәуекелдің бір мықты түрін көрсетіп кетті. Оны «дефразеологизация» дейді, сондықтан болашақ сөздікте бірге жазамыз. Жаңа сөздік әлі шыққан жоқ, бірақ баспаға дайын тұр, шықса, бірге жазылады», – дейді. Профессор Қ. Күдеринованың: «Бұл сөз қайта-қайта, жиі айтыла келе өзінің күшейткіш реңкінен айырылып, бірімен бірі қосылғанда ғана «бір нәрсеге басын тігу, тәуекел ету» дегенді білдіреді» деген тұжырымымен келісе қою қиын. Себебі жоғарыда келтірілген тілдік дәйектер «тәуекел» сөзінің жеке тұрып та сол мағынаны бере алатынын көрсетеді.
ҚР ҰҒА академигі Рабиға Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде «§53. Идиомалық, фразалық тұрақты тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Әдетте мұндай тіркестер бір ғана ұғымды білдіреді, сондықтан олардың екі сөзден тұратындары біріккен сөздерге ұқсап, жазуда көп қиындық келтіреді. Терминдік мәнге ие болып, біріккен сөз дәрежесіне көтерілген бірқатар тұлғалардың о баста идиома не фраза болғандығы да (мысалы: келіссөз, көзқарас, ақсақал, атқамінер т.с.с.) бұл қиындықты күшейте түседі. Дегенмен идиома мен фразалық тіркес компоненттерінің бөлек жазылатындығын негізгі қағида деп ұғыну қажет», – дейді (Қазақ тілінің анықтағышы //Көптомдық шығармалар жинағы. – 12-том. – Алматы: Елшежіре, 2018. - 50-бет).
Ғалым: «Идиома, фраза тәрізді тұрақты сөз тіркестерін кейде бөлек, кейде қосып, кейде дефис арқылы жазу қаупінен сақтандыру үшін көбінесе екі сөзден құралғандары реестр етіп сөздікке енгізілді: боз өкпе, жез таңдай, нар тәуекел, ақ ниетті, қара ниетті т.б.», – дейді. Реестрде бұл тіркесті бөлек таңбалаған (287-бет). Осы еңбегінде профессор: §45. Түбір күйінде компоненттері бір-бірінен бөлек жазылатын анықтауышты тіркестер мен тұрақты тіркестерге етістік не есім тудыратын жұрнақтар жалғанғанда да сөздердің бөлек жазылуы сақталады», – дейді (Қазақ тілінің анықтағышы //Көптомдық шығармалар жинағы. – 12-том. – Алматы: Елшежіре, 2018. - 47-бет).
Академик Рабиға Сыздықтың бұл ұстаным-тұжырымдары «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінің 2000 жылғы басылымында да, 2018 жылғы басылымында да қайталанған. 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше (төрт) санында жарияланған «Латын жазуы: емле ережелерін түзуде ескерілетін жайттар» деген мақаласында ғалым анықтауыштық қатынасқа құрылған сөз тіркестері бөлек жазылуы керек екенін ескертеді (Қазақ әдебиеті, 2.10.2018). Яғни ғалым бұл ұстанымынан ешқашан айнымаған. Алайда соңғы жылдары сөздік құрастырушылар тарапынан ғалымның ұстанымдарына мән бермеушілік байқалады. Соның салдарынан 2013 жылғы «Орфографиялық сөздікте» бөлек жазылуы тиіс сөздердің көбі бірге жазылған: арашаруашылық, балықшаруашылық, егіншаруашылық, жалаңаяқ, бірайдам: бірайдым жер; біралқым: біралқым жіп; біралуан: біралуан болу; бірасым: бірасым ет; біраттам: біраттам жер; біратым: біратым насыбай; бірауыз: бірауыз сөз; біржұтым: біржұтым су; бірсалым: бірсалым тұз; біруыс, біруыс бидай; бірұрттам, бірұрттам су; бірүзім, бірүзім нан; иіссабын, иіссабынға; кірсабын, кірсабынға; шайқасық, шайқасығы; асқасық, асқасығы; алмаағаш, алмаағаш бағы, т.с.с. Болашақта жарияланатын сөздіктерде олардың қатары көбейе түсетін түрі бар. Сөздерді бірге, бөлек жазуда ғалымның ұстанымдарын басшылыққа алуымыз керек-ақ!
«Тәуекел» сөзі әрдайым «нар» сөзімен ғана тіркесе бермейді. Рабиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде «соқыр тәуекел» деген де тіркес берілген (313-бет). Оның үстіне нар, тәуекел сөздері әрдайым қабыса байланыса бермейді. Қазақта «Тәуекелдің нары күшті» деген де сөз бар.
Абай Құнанбайұлы «Әбдірахман өлгенде» деген өлеңінде ұлын
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған, –
деп сипаттайды.
Тілдік фактілер ҚР ҰҒА академигі Рабиға Сыздықтың ұстаным-тұжырымы дұрыс екенін айғақтайды. Ендеше, нар тәуекел тіркесі бірге жазуға келмейді. Ғалымның ұстанымдары филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай, филология ғылымының докторы, профессор Қаламқас Қалыбаева, филология ғылымының кандидаты Аман Абасилов сынды ғалым, зерттеушілердің тұжырымдарында да сабақтастық тапқан. Жаңа сөз біріктіру арқылы ғана емес, тіркестіру, қосарлау арқылы да жасалатынын ескеріп, тілдегі жүйені сақтауымыз керек.
Орынай ЖҰБАЙ,
филология ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор м.а.
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz