Қазақстан Республикасының экс-президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы нашар деген ақпарат көбейгені рас. Бұл қауесеттерге Назарбаевтың баспасөз-хатшысы Айдос Үкібай нүкте қойды.
Кеше Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақ әкімдерімен телефон арқылы сөйлескен. Талқыланған мәселе – төтенше жағдай кезіндегі ахуалды анықтау. Қазіргі уақытта Елбасының кабинетіне ешкім кірмейді.
«Біз ешқашан өсекке пікір бермейміз. Бірақ соңғы кездері Елбасының денсаулығына байланысты ақпарат көп тарауда. Бұның барлығы – арандату және өтірік. Баршаңызға айтқым келеді: Елбасының денсаулығы жақсы және ел игілігі үшін жұмыс істеуде», - деді Айдос Үкібай.
Баспасөз-хатшысы халыққа карантин біткен соң Елбасының қатысуымен онлайн-конференция өткізіп, көпшілік назарына ұсынуға уәде берді.