Алда келе жатқан Қасиетті Рамазан айы, сонымен қатар, өзге дін мерекелері туралы түрлі пікір айтылуда. Бүгін осының барлығына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жауап берді.
«Көнеден келе жатқан дәстүрлі діни мерекелер жақындап келеді. Ораза, Пасха, Песах дегендей. Бұлардың барлығы жергілікті халық үшін маңызды күндер. Біз түрлі дін өкілдерінің барлығына бірдей қараймыз, дегенмен адамның денсаулығы маңыздырақ екені анық», - деді министр.
Оның айтуынша, мемлекет карантин шараларын қатаң өткізуде. Адам жиналатын басқосулардың барлығына шектеу қойылған. Ал аталған мерекелерде адамдар бас қосып, бірге құлшылық жасайды, қонаққа барады.
«Осыған қарамастан, біз бірінші кезекте адамдардың денсаулығының қауіпсіздігі маңызды екенін түсінуіміз керек. Барлық дін өкілдерін, дінбасыларын, азаматтарды осы нәрсеге түсіністікпен қарауға шақырамын. Діни ұйымдар қауыммен кездесуді және мерекелік құлшылықтарды онлайн өткізуіне болады», - деді Абаев.