Орал халықаралық әуежайы мемлекет теңгерімінде қалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш стратегиялық нысанның ұшу-қону жолағы – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің, жолаушылар терминалы (әуежай ғимараты) – «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ теңгерімінде.
Оның айтуынша, әуежай терминалы ғимараты «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясынан бөлінген 6,6 млрд теңгеге реконструкциялаудан өткен. Содан кейін «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ 2022 жылғы 6 сәуірдегі мүлікті сенімді басқару шартына сәйкес аталмыш нысанды 3 жыл мерзімге «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-нің сенімді басқаруына берді.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес соңғы жылдары «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС әуежайларды басқаруға мамандандырылған серіктестерді іздеу жұмыстарын белсенді жүргізген. Соның нәтижесінде әуежайларды дамытуда тәжірибесі бар «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС басқарушы компаниясы инвестор ретінде тартылған. Компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі», деді А.Меңеев.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жаңа меншік иелерінің табысты тәжірибесі мен қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа басқарушы компанияның алдына мынадай міндеттер қойылмақшы. Атап айтқанда, халықаралық әуежайдың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықты орнату («Янтарь» радиоактивті материалдарды анықтаудың стационарлы жүйесі, ленталы транспортер, контейнерлер мен паллеттерді тасымалдауға арналған тележкалар), нысанды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту (жолаушыларды ұшаққа/ұшақтан жеткізуге арналған автобустар, жолаушыларды тасымалдауға арналған амбулифт орнату) қажет. Сондай-ақ БҚО тұрғындарының іскерлік және туристік байланыстарын кеңейту, билеттер құнын арзандату үшін авиакомпаниялар, әуе қатынастары мен бағыттары санын ұлғайту, терминалдың жүк авиакаргосын салу және ұйымдастыру мүмкіндігі үшін әуежайдың инфрақұрылымын (рулежка және перрон) жаңғырту керек. Осындай міндеттемелер мүлікті сенімді басқару шартына сәйкес орындалған жағдайда сенімді басқару мерзімі ұзартылады, терминалды жаңғыртуға жұмсалған қаржыны қайтару мәселесі де сол кезде шешіледі.
«Әуежайдың стратегиялық нысан ретінде қызметі және оны басқарумен байланысты жағдай мемлекеттің бақылауында, тиісінше алаңдаушылыққа негіз жоқ», деді А.Меңеев.
«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ» басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаев «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның меншік иелері өзгергенімен, стратегиялық нысанның мемлекет меншігінде қалатынын жеткізді.