Алина Жанұзақова – Алматыдағы инфекция жұқтырған 47 адамның бірі. Оның айтуынша, инфекция оған Грузиядан қайтар жолда жұққан. Алина КТК арнасына сұхбат берген.
«Біз ұшақта жөтеліп, ауырып отырған әйелді көрдік. Ол кісіде диагноз анықталды ма, білмеймін. Біз ұшқан Минск – Алматы рейсінде коронавирус жұқтырған екі адам болыпты. Біз құрбым екеуміз көпшілікке зиян тигізбес үшін таксимен жеттік үйге. Үйде өзім оқшауландым», - деді ол.
Алинаның айтуынша, ол үйіне келген соң дәрігерлердің хабарын күткен. Бірақ инфекция симптомдары ертерек басталған көрінеді.
«Алғашқы белгілері менде болды: құрғақ жөтел, өкпе тұсымның ауыруы. Бірақ менде дене қызуы болмады. Сол 35,8 қалпында тұр әлі. Түнгі екі шамасында менен коронавирус анықталғанын жеткізді», - деп еске алады Алина.
Екі күннен соң жөтел мен өкпе тұсының ауырғаны басылыпты. Қазір Алина өзін жақсы сезінеді. Оны иммунитет көтеретін түрлі екпелермен емдеп жатыр екен.
«Мен басқаларға жұқтырудан қатты қорқамын. Мен палатада екі адаммен бірге жаттым. Олар инфекция жұқтырған болуы керек. Өйткені, біз 5 күн бойы бірге жаттық. Кейін мені басқа палатаға көшірді. Ол жерде 3-4 адам бар. Әлгі екі қызды шығарып жіберген. Бірақ қайта әкелетін шығар», - деді ол.