Алматы қаласының әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев 26-наурыздан бастап қалада сауда орындарына қатысты жаңа талаптың күшіне енетіні туралы айтты.
«Ертеңнен бастап біз ірі сауда орталықтарынан тысқары орналасқан сауда орындарын жабамыз. Ломбардтар, ТЖО-лар, көлік жуу орталықтары, автобөлшек дүкендері, гүл киоскілері, компьютер клубтары, спорттық нысандар, аквапарктер, бассейндер жабылады. Біздің басты мақсатымыз – адамдар арасындағы қарым-қатынас деңгейін азайту», - деді Сапарбек Тұяқбаев.
Оның айтуынша, ел арасында «Барахолка» аталатын ірі жайма базарлар мен басқа да сауда орындары, азық-түлік сатылатын орындардан басқасының бәрі жабылмақ.
Қызметтер мен тауарлар сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева да өз талабын жеткізді.
«Кафелер мен мейрамханалар да жабылады. Олар тек дайын тамақты тұтынушылар алып кетсе ғана жұмыс жасай алады. Санитарлық талаптар сақталуы тиіс», - деді ол.
Сондай-ақ, басшылар тұтынушылар мен қызметкерлер әрдайым маска тағып жүруі тиіс екенін жеткізді.
«Егер талаптар орындалмаса, біз оларды жауып, интернетте тәртіп бұзушы ретінде жариялаймыз. Кіші дүкендер мен дәріханаларды жабамыз, жазалаймыз, егер талаптар орындалмаса. Дәл осы кіші дүкендерге көп шағым түседі. Егер осындай орындарда инфекция тараса, бұл – қала үшін үлкен қауіп», - деді Тұяқбаев.
Айта кету керек, жанармай бекеттері жұмысын жалғастыра береді.