Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы арнайы мәлімдеме жасап, Алматыдағы мешіттер карантин кезінде жабылатынын жеткізді.
«Бүгіннен бастап алма шаһардағы барлық мешіт түгел жабылды. Ертең жұма намазын оқымаймыз, адамдарды да қабылдамаймыз. Осындай ұсыныс болды. Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы азаматтармен және аймақ басшылығымен ақылдастық», - деді Алматының бас имамы Еркінбек қажы Шоқай.
Мұсылмандар ендігі уақытта жұма намазының орнына Аллаға құлшылықты өз үйінде бесін намазымен жалғастырады.
ҚМДБ мұсылман бауырларды сақтық шаралары мақсатында орын алған жағдайларға түсіністікпен қарап, отандастарымыздың денсаулығы үшін дұға жасауға шақырды.