8 қараша күні Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі қиылысында соқтығысқан екі автобустың тежегіші істен шықты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы «Алматыэлектрокөлік» ЖШС мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған автобустар биыл мамыр айында сатып алынды, қазіргі кезде шығарушы зауыттың кепілдемесінде, техникалық ақаулары жоқ, техникалық түйіндері мен агрегаттары, сондай-ақ тежегіштері ақаусыз жұмыс атқарып тұр»,- деп хабарлады компаниядан.
Сонымен қатар «Алматыэлектрокөлік» ЖШС 2022 жылдың 23 қыркүйегінде №201 маршруттың автобустарының саны артып, жаңартылғанын мәлім етті.
«ЛиАЗ маркалы 18 автобустың орнына 2022 жылы құрастырылған Golden Dragon маркалы 24 автобус жолға шығарылды. Аталған шара жолаушылар тарапынан сұрасныстың артуына байланысты қолданылды», - деп атап өтті «Алматыэлектрокөлік» ЖШС.
Автобустар ауыстырылғаннан кейін жүріс интервалы 12 минуттан 6-7 минутқа дейін қысқарды.
Еске салайық, 8 қараша күні Алматыда Төле би - Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысты.
Алғашында полицейлер 1 адамның көз жұмып, 15 адамның зардап шеккені туралы мәлімдеген болатын.
Кейін жарақат алғандар саны 17-ге артты.
Соңғы мәлімет бойынша, медициналық көмекке 21 адам жүгінген, оның 9-ы ауруханаға жатқызылды.
Басып шығару