Алматы полициясы көлік тонаумен айналысып келген екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Олар жасаған қылмыстар саны 20-дан асады. 28 жастағы Г. есімді тұрғын мен оның құрдасы Н. көлік тонады деген күдікке ілінген.
«Жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің Volkswagen Touareg көлігінің әйнегін сындырып, ондағы мүліктерін ұрлап кеткеніне шағымданды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1,5 млн теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында біздің бөлімше қызметкерлері ұрланған заттарды сатып алушылар мен күдіктілердің ізіне түсті. Олардың ауданымызда 10, қалада 20-дан астам қылмыс жасағаны анықталды. Ұстау кезінде ұрланған қзаттар тәркіленді», – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Бұған дейін екі күдікті де бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ұсталғандар қылмыс жасағандарын мойындады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.