ӨКҚ брифингінде Петропавлдағы көпқабатты үйден шыққан өрттің себебі аталды. СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камалов көпқабатты ғимараттан 7 газ баллоны, оның ішінде жарылған баллонның да шығарылғанын айтты.
«Жедел-тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр. «Қаражорға» кафесінің ас үйінде газ баллоны жарылды. Ғимараттың бірінші қабатында кәсіпкерлер нысаны орналасқан. Жарылыс кезінде іргелес қабырғалар мен бөлімдер қираған. Бұл «Қаражорғаға» жақын орналасқан «Версаль» шаштаразы, екінші жағында «Хочу шашлык» кафесі. Қазіргі уақытта баллонның жарылу себебі анықталып жатыр», - дейді СҚО ТЖД бастығы.
Сондай-ақ, көптеген пәтер иесінің үйіде болмағаны, сондықтан өрт сөндіру үшін есіктерді бұзуға тура келгені хабарланды. Бұл өртті сөндіру жұмыстарын баяулатқан.
«Өртті сөндірудегі қиындық жарылыс кезінде өрттің бірінші және екінші қабатқа қарқынды таралуынан болды. Нысанның өзі бес қабатты, дәліздер үлгісінде салынған. Онда да тұрмыстық заттар тұрған. Сондықтан өрт күшейе түсті. Бөлмелерде де өрт шықты. Қатты түтін және аязды ауа райы өртті жылдам сөндіруге кедергі болды», - дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.