Қазақстан ішкі істер министрінің жаңа бұйрығы келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тиісті бұйрыққа қол қойды. Құжатта "оралман" сөзі "қандас" ұғымымен ауыстырылған.
"Қандастар – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар және олардың Қазақстан егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары", - делінген бұйрықта.
Қазақстан аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменті басшысының атына өтініш жазуы керек.
Ал тұрақты тіркеуі жоқ қандастар тұрақты тұруға рұқсат және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін полиция департаменті басшысының атына және біруақытта азаматтық мәселелер бойынша шешім қабылдайтын келген мемлекеттің лауазымды адамына шетел азаматтығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішхатпен жүгіне алады.
Бұйрық 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Басып шығару