Жедел жәрдем дәрігері: Ешкім қабылдамайды, кеше көлікте екі адам өлді

  • 27 июн, 14:14
  • Көрілім: 2 274

Шымкент қаласындағы Жедел жәрдем дәрігері желіде тараған даулы видеоға қатысты толық мәлімет берген. Оның айтуынша, стационарлар көлікте ауыр халде жатқан науқасты қабылдамайды екен. 
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде Жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин түсірген видео кең тарады. 
«Мен Жедел жәрдем дәрігерімін. Пневмониямен ауыр халдегі науқасты алып келіп тұрмын. Бірақ еш жер қабылдамайды, орын жоқ дейді. Не істеймін? Кеше осылай екі науқас көлікте көз жұмды. Назар аударыңыздар, мен, тіпті, кімге шағымданарымды да білмеймін», - деді ол. 
Жедел жәрдем дәрігері оқиғаның анық-қанығын бүгінгі брифингте айтып берген. 
«Біз 3,5 айдан бері әріптестерімізбен бірге алдыңғы қатарда жұмыс істеудеміз. Бұл өте ауыр нәрсе, түрлі жағдайлар болады. Науқасты көргенде өз денсаулығыңа алаңдай бастайсың. 
Қазір пневмониямен бізге жүгінетіндер өте көп. Видеодағы жағдайда диспетчер бізді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтті. Ол жерде көлік көп, орын жоқ еді. Біз сондықтан ұзақ күтіп қалдық. 
Ал күтіп тұрған кезде науқастың көлік ішінде қиналып жатқанын көріп моральді түрде шаршайсың. Осындай кезде ашу болады. Сондықтан, сондай күйде осы видеоны түсірген едім», - деді ол. 
Хамзиннің айтуынша, біраз уақыттан соң мәселе шешіліп, науқасты басқа ауруханаға жеткізіпті. 
«Мен бұл видеоның желіде тарап кеткенін қаламадым. Оны өзім үшін, кей жерде қолдану үшін түсірген едім. Егер дау көтерсем кешірім сұраймын. Біз содан кейін де таң атқанша жұмыс істедік», - дейді Арман Хамзин. 
Ал Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев өз кезегінде қалада 2084 науқас тіркелгенін, оның 45 пайызы симптомсыз екенін айтты. 
«Біздегі стационарлар 89 пайызға толды. Қосымга орын бар. Бір-екі күнде 200 орын дайын болады. Ал дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар», - деді ол. 
Сондай-ақ оқыңыз

Пікір қалдыру