Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағы да дабыл қақты. Бұл жолғысы коронавирусқа қатысты емес, бірқатар Африка елдерінде эбола дерті тарала бастағаны туралы. Ақпаратты ДДСҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы ресми өкілі Нго Нсенга жариялады.
«Эбола қайта күшіне ене бастады, біз оның кең көлемде таралып кетпеуін қаматамасыз етуіміз керек. Бұл індет республика көлемінен сыртқа шығып, жылдам таралуы ықтимал», - деді ол.
Оның айтуынша, эболаның алдын алудың бірден-бір ізгі жолы – вакцинация.
«Вакцинация эболаның алдын алуға көмектеседі. Бірақ бұл вакцинаға қол жеткізу мүмкін емес. Екпе тек инфекция жұқтырған адаммен байланыста болғандарға ғана беріледі», - деді Нсенга.
ДДСҰ өкілі эболамен күресудің шығын көп екенін, дәл қазір індет таралып жатқан аймақ бұған қауқарсыз екенін айтты. Айта кетейік, Конго Демократиялық Республикасында эбола індетінің тарала бастағаны 1-маусым күні ресми тіркелген.
Басып шығару