ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қытайдан Қазақстанға келген 10 дәрігер туралы пікір білдірді.
«Гуманитарлық көмек пен қытайлық дәрігерлер бригадасы – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы халықаралық маңызды келісім. Екі тарап та індетке қарсы бірігіп күресуге мүдделі», - деді Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, біршама уақыт бұрын Алматы қаласына Қытайдан гуманитарлық көмек жеткізілген.
«Қытай үкіметінің шешімімен Қазақстанға көрші елдің орталық органдары ғана емес, аймақтық басқармалары да көмектесуде. Көптеген компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлер Қытайдағы қазақстандық дипломаттарға қолдау білдіруде», - деді ол.
Оның айтуынша, қытайлық дәрігерлердің барлық шығындарын Қазақстан өтейді.
«Бұл қызметкерлер біздің дәрігерлермен бірге медициналық нысандарда жұмыс істейді. Қажет болса демалыссыз. Басты міндет – инфекцияны тоқтату. Бұл туристік сапар емес екені анық. Дәрігерлер бізге жұмыс істеуге, көмектесуге келді», - деді Ашықбаев.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның айтуынша, медицина қызметкерлері екі ел көшбасшысының келісімі нәтижесінде келіп отыр.
«Дәрігерлер тек Нұр-Сұлтанда емес, аймақтарда да жұмыс істейді. Бас қалада бір апта тоқтап, әрі қарай аймақтарды аралап көрмек. Біз арадағы серіктестікті одан әрі күшейту үшін қазақстандық тараптың кез келген ұсынысын қарауға дайынбыз», - деді елші.