Ернар Айдар смартфоны қолына енді ғана тигенін айтып, сөзін бастады. Ол өзін сынағандарға да жауап берді. Айтуынша, ұйымдастырушылардың барлығы қамалыпты.
«Осы істің ақ-қарасын білмей, мені сынап жатқан ағайынға Алла сабыр берсін. Сол ұтыс ойынын ұйымдастырған ұйымдастырушының барлығы қамалды. Қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол тергеу жұмыстарының әділ өтуіне мен де өз тарапымнан көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке жарнама жасаймын деп, мен де алданып қалдым, ағайын. Баршаңызға жақсылық тілеймін, барлығы әділ өтеді деген сенімдемін», - деді ол.
Сондай-ақ, ол алдағы уақытта істің мән-жайын хабарлап отыратынын айтты.
Ал мұның алдында Мейрамбек Бесбаев Ернар Айдардың алаяқтардың құрбаны болғанын айтқан еді.
Еске салайық, 24 сәуірде әнші Ернар Айдар карантин режимін бұзғаны үшін ұсталғаны хабарланған. Алматылық полицейлердің мәліметінше, Ернар Айдар және тағы 12 адам бір ғимаратқа жиналып, тікелей эфирде ұтыс ойнатқан.