Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім әлемдік экономикадағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты қабылданды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сыртқы сектордың теріс әсері аясында, бағаның тұрақтылығын сақтау қажеттілігіне байланысты базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты төтенше шешім қабылдады.
COVID-19 коронавирусының кеңінен таралуы Қытай мен Еуропалық Одақ сияқты қазақстандық экспорттың негізгі тұтынушыларының экономикалық даму перспективаларының нашарлауының негізгі факторы болды.
Brent маркалы мұнайдың бағасы 2020 жылдың 9 наурызында ОПЕК + отырысына қатысушылардың мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімнің шарттары бойынша келісімге келмеуінің салдарынан күрт төмендеді. Оның бағасы 31-36,5 АҚШ доллары болды.
Ұлттық банктің ақша-несие саясаты инфляциялық таргеттеу аясында жүргізіліп, сыртқы дағдарыстың ел экономикасына әсерінің алдын алуға, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және теңге активтерін қорғауға бағытталған, делінген хабарламада.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12% ға көтерді. 10 наурызға дейін базалық мөлшерлеме 9,25% деңгейінде болатын.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімі 2020 жылдың 16 наурызында Нұр-Сұлтан уақытымен 15: 00-де жарияланады.