Осыдан шамамен екі жыл бұрын Алматы қаласының әкімдігі жер асты өткелдеріндегі дүкендер мен өзге кәсіп қылушыларды түгел «жер бетіне шығарды».
Бұл – қала әкімшілігінің ең сәтті шыққан идеяларының бірі. Бұлай дейтініміздің себебі – аталған бастаманың жергілікті халықтан қолдау табуы.
Қала билігі бұл әрекеттерін мәдениеттілікке жасалған қадам деп түсіндірді. Міне, содан бері Алматының жер асты өткелдерінің қабырғасына түрлі суреттер салынып, арнайы аппараттардан музыка төгіліп тұр. Жаныңа жағады-ақ.
Жер асты өткелдері – аймақтың бағзыдан дертті тұсы. Әкімдіктің ойынша, бұл жолдар жол-көлік оқиғасының санын азайтуға қолайлы. Ал белсенділер дәл осы жер асты өткелдері апатты жағдайды көбейтеді. Себебін жергілікті халықтың жоғары-төмен көтеріліп жүруден ерініп, рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтуге бейіл екендігімен түсіндіреді.
Қалай десеңіз де, осы жер асты өткелдеріне бюджеттен қыруар қаражат бөлінуде. Тек қана 2015 жылы 12 өткел салу үшін қазынадан 1,5 миллиард теңге жұмсалған.
Дәл осы жер асты өткелдерінің, жалпы инфрақұрылымдық нысандардың тазалығы, жалпы ахуалы – ешкім басын ауыртқысы келмейтін жұмыс. Қала ішіндегі аудандардың бюджетінен ақша шығындалмақ керек бұл жүйе үшін. Бірақ, бірақ бәрі құлықсыз... айналып келгенде бұл да бизнестің көзі болып шыға келген.
Осындай жер асты өткелдерінің тазалығын қамтамасыз ету ісінде «майлы сүйек» «Алматы Спецтехпаркинг Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырыпты.
Ал бұл ЖШС – автотұрақпен айналысатын ұйым. Десек те, 2015 жылдары сервистік қызметтер атқарыпты. Осы қызметі үшін 43,2 миллион теңге ақы алған. Қазір алма шаһардың жер асты өткелдерінің тазалығына кім жауап беретіні жұмбақ. Орталық аудандардағы өткелдерге сүйсінбегенмен, көңіл қанағаттанады. Ал бірақ шет жерлердегі өткелдердің «жұпар иісі» қолқаңды қабады. Міне, осындай мәселені шешу қажеттілігі бар. Дәретханаларды замануи стандарттарға сәйкес етіп жер асты өткелдеріне орналастыру – халық мұқтажын қамтамасыз ету және мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Алматыдағы осындай өткелдердің жағдайын қамтамасыз ету үшін жылына қалалық бюджеттен 100-120 миллион теңге шығындалады. Бұл – өзі өспей тұрған жергілікті бюджет үшін жеңіл дүние емес.
Жер асты өткелдерінің құжынаған тіршілігінің тыйылып қалғанын қабырға жағалай қайыр сұрағандардың ахуалны айырбастадық... жақсы жобаның сөлі тартылып, сыры кеткен аяқтай күй кешіп тұр...