ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысынан кейін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша 30 пайыз алдын ала төлем талап ету фактілері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Автосалондардың жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша 30 пайыз алдын ала төлем талап етуі қаншалықты заңды?» - деп сұрады журналистер министрден.
«Біз қазір заңды не заңсыз екенін тексеріп жатырмыз. Автосалондар бізде жеке меншікте. Олар бизнес процестерін өздері құрады. Бірақ мемлекет бөлген қаражат бойынша олардың олай істеуге ешқандай құқығы жоқ. Біз қазір бүкіл автосалон иелеріне ақпарат бердік. Олар мұндай талап қойылғанын үзілді-кесілді теріске шығарып отыр. Егер ондай нақты мәліметтер болса, бізге беріңіздер. Өйткені менеджерлердің өздері жергілікті орындарда заң бұзып отырған болуы мүмкін. Қалай болғанда да фактілер болса, бізге беріңіздер. Өйткені автосалон иелері де мұндай болғанына мүдделі емес», - деді министр.