Жұмысқа орналаса салысымен біз еңбек келісімшартында көрсетілген жалақы мөлшерінен 20 пайызды бір-ақ қысқартамыз. Өйткені, санамыз солай дағдыланған. Шын мәнінде «қолға тиетін» жалақыны есептеудің жөні бөлек.
Барлық қазақстандықтарға анық дүние, нақты жалақы мөлшерінен үш түрлі жарна шегеріледі.
- міндетті зейнетақы жарнасы – 10%
- кіріс салығы - 10%
Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы (1%) алына бастады.
Жай көзбен қарағандағы біздің шегеретін 20 пайызымыздың өзі қате болып шықты. Қарабайыр есепке салсақ-дағы 21 пайыздық көрсеткіш шығып отыр. Бірақ бұл – қате есеп. Дұрысын біліңіз!
Мысал келтіру үшін жалақы көлемін 100 мың теңге деп алайық.
1-қадам
Ең алдымен біз негізгі жалақы мөлшерінен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын қысқартамыз. 90 мың теңге қалды.
Айта кету керек, міндетті зейнетақы жарнасының максималды жарнасы 5 минималды айлық табыс құнына тең. Ал минималды айлық табыс құны – 42 500 теңге. Демек, бір адамның ай сайын төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы 212 500 теңгеден аспауы тиіс. Сіз осындай көлемдегі зейнетақы жарнасын төлеу үшін ай сайын 2 125 000 теңге жалақы алуыңыз тиіс!
2-қадам
Кіріс салығын есептеу кезінде біраз адам тұтығып қалады. Енді қараңыз, сіз кіріс салығын төлейтін кезіңізде ағымдағы жылы бекітілген минималды айлық табыс мөлшерінен жоғары, яғни, 42 500 теңгенің үстіндегі қаражаттан 10 пайыз үшін міндетті екеніңізді еске сақтаңыз.
Мысалы, бізде зейнетақы жарнасынан кейін 90 мың теңге қаражат қалды. 90 мыңнан 42 500 теңгені алсақ, 47 500 теңге қалмақ. Ал 47 500 теңгенің 10 пайызы 4 750 теңгеге тең. 4 750 теңге – сіз төлеуге міндетті кіріс салығы.
Екі жарнаны төлегеннен кейін бізде 100 мың теңгеден 85 250 теңге қалды.
3-қадам
Бірнеше ай бұрын біз екі қадамнан кейін қалған сумманы «қолға тиетін» жалақы деп есептер едік. Бірақ қазір жағдай басқаша. Бүгінде қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын (1 пайыз) төлеуге міндетті.
Аталған 1 пайыз жарна қос жарнадан кейінгі суммадан емес жалпы жалақы мөлшерінен есептеледі. Демек, біз мысалға алған 100 мың теңгенің бір пайызы – 1 000 теңге.
100 мың теңге жалақы жазылған азамат үш түрлі жарнаны төлей отырып, қолына 84 250 теңге алады.
Нәтижесінде біз қарабайыр есептегі 21 пайыз емес, 15,75 пайызға есептеп шықтық.
Ескерте кетейік, жоғарыда көрсетілген пайыздық көрсеткіш (15,75 пайыз) нақты мөлшер емес. Өйткені, әр азаматтың еңбек шартында көрсетілген жалақысы мен жыл сайынғы минималды айлық табыс мөлшері құбылмалы. Аталған үш қадам арқылы сіз де өз айлығыңызды есептеп көріңіз.