Алматы қаласының шеткі аймағында Алматы-3 теміржол вокзалын салу жоспарланып отыр. Бұл жайында Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын талқылау барысында хабарлады.
«Қала мен қала маңындағы көлік байланысын жақсарту үшін біз қосымша қала маңынан қаладағы көлік хабтарына дейін 30 маршрут, Алматы-2 станциясынан Қонаев қаласына дейін электр пойызын іске қосамыз, Алматы-3 темір жол вокзалының құрылысын бастаймыз», - деген шаһар басшысы, 2025 жылға дейін Құлжа тасжолы мен Боралдай-Шамалған трассасын, 2030 жылға дейін Талғар трактісі мен жоғарғы Қаскелең жолы кеңейтілетінін айтты.
«Қала мен Алматы облысы арасында күнделікті қоғамдық көлікте жол жүру 2025 жылға қарай қазіргі 400 мыңнан 500 мыңға дейін және 2030 жылға қарай 600 мыңға дейін ұлғаюы тиіс. Алматы агломерациясында қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі бірлескен жобалық кеңсе құрылатын болады»,- деді ол.