Депутаттар мемлекеттік қарыз мәселесін қарастырады. Бұл туралы Сенат төрағасы мәулен Әшімбаев айтты. Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Сенат төрағасынан мемлекеттік қарыздың өсуі мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Өз кезегінде М. Әшімбаев Қазақстанның мемлекеттік қарызы өте маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, біз өткен жылы мемлекеттік қарыз мәселесін егжей-тегжейлі көтеріп, осы бағыттағы кемшіліктерді сынға алған едік. Сол кезде Үкімет қалыптасқан ахуалды бақылауға алатынына уәде берген еді. Қазір бюджетті қарастыру аясында бұл мәселені тағы да қарастырамыз», - деді Сенат төрағасы.
Еске сала кетейік, 20 сәуірде Мәжіліс «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылып отыр.
Заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың басында берген тапсырмаларын және мемлекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға бағытталған. Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында депутат Нұрлан Бекенов Сенат отырысында сыртқы мемлекеттік қарыздардың тұрақты өсуіне алаңдаушылығын білдірді. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 27,4%-ына жетті.