Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеуден Қазақстанға келіп, атамекеніміздегі алғашқы қызметтік жолымды бұрынғы Торғай облысында бастадым. Осы тарихи өңірде еңбек етіп жүргенде, елге тіреу болған мықты азаматтармен таныстым. Соның бірі, осы өлкенің перзенті –Аманкелді Садырбеков. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтсе де, Әбекең екеуміздің сол кезден басталған таныстығымыз сыйластыққа, сыластығымыз достыққа айналды. Кеңес дәуірінде ат жалын тартып, түрлі жауапты қызмет атқарып, сол игі ісін еліміз егемендік алғасын да абыроймен жалғаған абзал азамат жетпіс бестің жотасына шығып отыр.
«Ат аунаған жерде түк қалады» дейді халқымыз. Аманкелді Төлеубайұлы – киелі Қима жерінде өмірге келіп, ата жолын берік ұстаған текті әулеттен өрбіген. Әкесі Төлеубай мен анасы Мағрипа қарапайым, қанағатшыл, қайырымды адамдар болған. Екеуі екінші дүниежүзілік соғыстың алдында отау құрады. 1942 жылы Төлеубек қария әскерге алынып, Ленинград майданына түседі. Соғыс аяқталғанша жауынгерлік борышын атқарғаннан кейін, тағы бір жыл әскерде болып, елге 1946-шы жылы оралады.Қанды қырғыннан аман келдім ғой деп, сағынтып туған тұңғыш ер баласының атын , «Аманкелді» қояды.
Ол Целиноград ауылшаруашылық институтын бітіргеннен кейін, алғашқы еңбек жолын -Жақсы ауданындағы Есіл кеңшарынан бастайды. Алдымен бөлімше зоотехнигі, кейін меңгеруші болып, шаруашылықтың қыр-сырын үйренеді. Одан соң Жақсы, Қима аудандарында комсомол ұйымын басқарып, жастармен қоян-қолтық жұмыс істеп, жаңашыл істерге бастамашы болды. Ұйымдастырушылық қабілетін шыңдады. Енді оны аудан басшылығы сол кездегі қалыптасқан тәртіппен партиялық қызметке тартып, Қима ауданындағы «Кеңарал» совхозына партия комитетінің хатшысы болды. Осы қызметте жүргенде идеологияның ғана емес, шаруашылық жұмысын да жетік меңгеріп, жұртшылықтың алғысын алды. Жиындарда елдің толғандырған мәселесін батыл қозғап, ойларын ашық айтып, облыс басшыларының көзіне түсті.
Әсіресе оның басшылық қабілеті мен іскерлігі Торғай облысының Амангелді ауданындағы енді ашылған Қараторғай кеңшарының директоры болғанда кеңінен танылды. Жаңадан құрылған шаруашылықтың алғашқы қазығын қағып, іргесін бекітуге көп күш жұмсады. Кеңшар орталығын салуға студенттер отряды мен 400-гу жуық адамы бар бірнеше құрылыс бригадасын жұмылдырды. Бір жыл ішінде 200-ге жете тұрғын үй, екі қабатты орта мектеп, совхоз кеңсесі, екі қабатты сәнді клуб, техникалар тұратын үлкен гараж, машина-трактор шеберханасы және токорлық цех салынды. Сөйтіп, Қараторғай кеңшары бас-аяғы 4-5 жыл ішінде Амангелді ауданындағы қуатты шаруашылықтың біріне айналді. Астық өсіру мен төл алудан аудан шарушылықтарының алдынан көрінді. Жергілікті жұртты бау-бақша егуге тартты. Жаңа шаруашылық құрылыс салу сапасынан облыстағы ең таңдаулы үш совхоздың бірі атанды. Жаңа кеңшарды аяғынан тұрғызып, түзу жолға салғаннан кейін Аманкелді Төлеубайұлы Амантоғай және Арқалық ауданында ауылшаруашылық басқармасының басшысы болды. Бұл жерде де күндіз-түні қазандай қайнап жататын шаруашылық жұмысын жақсартуға жан салып, қызмет істеді. Сосын көп ұзамай Торғай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы, жақында ғана өмірден озған асыл ағамыз Кеңес Әубәкіровке бірінші орынбасар болып тағайындалды. Бұл жаңа қызметті де ол жатырқаған жоқ. Облыстың оңтүстік, солтүстік аудандарында еңбек етіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін жақсы білгендіктен онша қиындық тудырмады. Осы қызметті абыроймен атқарғанын облыстың Октябрь ауданындағы бір кеңшардың бас экономисі болғанымда өзім көзіммен көрдім.Кейінірек кеңшар директоры қызметіне тағайындалар кезде қабылдауында болып, алдынан өттім. Сонда оның ауыл шаруашылығын жетік білетін басшы екендігін байқап, адамгершілік қасиетіне тәнті болдым. Біраз уақыттан кейін Аманкелді Садырбеков Амангелді ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1916 жылғы Торғайдағы Ұлт-азаттық көтерілісі болған, Амангелді, Кейкі, Әбдіғапар секілді арыстар туған өлкеге келген жас хатшы жаңа қызметке құлшыныспен кірісті. Бұл ауданның тарихы терең болғанымен, проблемасы көп, сол жылдары дамуы кенже қалған деп танылған республикадағы 30 ауданның катарындағы өңір болатын. Алдымен ол жергілікті кадрларға арқа сүйеп, сонымен бірге облыс көлеміндегі іскер жігіттерді ауданға шақырып, іске жаңа леп әкелді. Оған жергілікті халық алғашында тосырқап қарағанымен, олардың жаңаша ойлайтын іскерлігін көріп, жұртшылық жылы қабылдады. Бұрынғы басталған жұмыстарды жалғастырып, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының тамырларына қан жүгіртіп, тұрмыс-тіршілігіне оң жаңалықтар мен өзгерістер әкелді. Әсіресе мал шарушылығын дамытудың жолын кеңінен қарастырып, шопандарға
назар аударылып, қолдау көрсетілді. Еңбекті ынталандыру бірінші кезекке қойылды. Еңбек адамдарының алатын табысын жеткен жетістігімен байланыстырып, ауылда жаңа реформаларды жүзеге асырды. Мал өсіру тәсілдерінде озық өзгерістер таратылды. Аудан облыстағы экономикасы дамыған озаттар қатарына қосылды. 1988 жылдың қорытындысында Амангелді ауданы Қазақстан Орталық Комитетінің ауыспалы қызыл туын жеңіп алып, аты республиканың алтын кітабына жазылды. 1989 жылы аудан мал өсірушілер бойынша әр 100 саулықтан 95-тен төл алып, нәтижесінде Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Сонымен қатар
жергілікті ауылдар үлкен құрылыс орындарына айналды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды, жол құрылысы қарқынды дамыды. Ауылдар арасына жол, көпірлер салынып, ауданмен берік қатынас орнатылыпты. Мәдени ошақтар, еңселі спорт кешені бой түзепті. Аудан орталығының келбеті өзгеше жаңғырды. Амангелді ауданында қызмет атқарған жылдары Аманкелді Төлеубайұлы өзінің іс-тәжірибесін, білім-білігін кеңейтіп, қаймағы бұзылмаған қазақы өлкеде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, мінез-құлықты терең меңгерді. Көпті көрген қазыналы қариялармен жақын араласып, солардың батасын алды. Қысқасы, батыр атындағы аудан экономикасы мен рухани өмірін арттыруға лайықты үлесін қосты.
1990 жылы Торғай облысы қайта ашылған кезде Әбекең облыстық агроөнеркәсіп кешенінің басшысы және облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл өте күрделі қиындықтар белең алған уақыт еді. Кеңес Одағының құлдырауы басталған кезде жаңа құрылған облысты көтеру оңай емесі анық. Ол осы жауапты сынның бел ортасында жүрді.
Еліміз егемендігін жариялап, жаңа дәуірге бет бұрған кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселесі алдыңғы қатарда тұрды. Республикалық Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенімде, оның адалдығы мен тәжірибесін ескеріп, Торғай облысы мемлекеттік мүлік комитеті төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне шақырдым. Ол осы бір сындарлы сәтте облыста нарықтық экономикалық қатынасты енгізу ісіне жетекшілік жасады. Шындығын айтқанда, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру еліміздің тарихында бұрын болмағандықтан, бұл салада көп ізденіп, жаңа әдіс-тәсілдер пайдалану керек болды. Тіпті осындай қызмет жасауға дайын мамандар бізде мүлде жоқ еді. Бәріміздің сана-сезіміміз бен көзқарасымыз және жұмыс тәсіліміз Кеңес одағы кезінде қалыптасқан еді. Сондықтан да жұмыс барысында Әбекең жоспарланған өзгерістерге сын көзімен қарап, жан-жақты сараптап отырды. Жаңалықтарды құптап, оны іс жүзіне асыруға барын салды. Адалдығы мен парасаттылығы жаңа жұмысқа бейімділігін көрсетті. Онымен бірлесіп, көптеген мәселелердің шешу жолын іздедік. Кемшілік те болды. Әбекеңнің ашық айтқан сындары, батыл ұсыныстары қажет жерінде кәдеге де жарады. Азаматтық позициясы мықты, мінезі турашыл Әбекеңнің айтқан кейбір ойларыма көңіліме қонды.Ауыл шаруашылығын жекешелендіру кезінде оның көңілінде біраз күдік болғанын білемін. Бір жағынан, өзі істеген кеңшар жүйесін қимады. Ал екінші жағынан, өзгерістер керектігіне көзі жетті. Жан-жақты сараптап, байсалды реформалар жасауды құптады. Білікті басшы шаруа қожалықтарын біріктіру кажеттігін айтты. Бұл ұсынысы қазіргі күнде де өз маңызын жойған жоқ.
Торғай облысы жабылғаннан кейін Аманкелді Төлеубайұлы Президент әкімшілігіне мемлекеттік инспектор қызметіне тағайындалып, Батыс Қазақстан, кейін Ақмола облыстарында Президенттің өкілі болып қызмет атқарды. Бұл орында да ол мол тәжірибесінің арқасында нәтижелі жұмыс істеді. Бірер уақыт Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің Астанадағы өкілі болды. Сол кезде облыстың проблемаларын шешуге белсене қатысты.
Ол осы дәрежеге өз еңбегімен жетсе де, қызмет барысында қолдау білдіріп, ағалық ақылын берген, бұрынғы Торғай облысының басшылығында болған Е.Әуелбеков, О.Қуанышев, М.Сағдиев, Ө. Жәнібеков, К.Әубәкіров, К.Укин секілді азаматтардан тәлім-тәрбие алғанын аузынан тастамай, олардың қайраткерлігі мен еңбегін кейінгі ұрпақққа үлгі-өнеге етіп жүреді. Әбекеңнің қызметте ғана емес, отбасында да бағы жанған азамат. Асыл жары Қарлығаш екеуі елу жылдан аса бірге өмір сүріп, бала тәрибелеп, немере сүйіп,шөбере әлпештеп ата-әже болып отырған үлкен әулеттің иесі. Досқа адалдығы да жан сүйсінтеді. Жерлестері Әбекеңді алғыс арқалаған азамат дейді. Алғыс-адамның абыройын асқақтатады.Одан артық адамға қандай баға керек...
Жәнібек Кәрібжанов, мемлекет және қоғам қайраткері.