Зейнетақы қорындағы ақшасын түрлі мақсатта қолдана алу құқығы тек 102 мың қазақстандыққа бұйырып отыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
«Жұмыс тобы халықаралық тәжірибелерді сараптап, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалана алу құқығын ұсынды. Мен тағы да қайталап айтамын: қордағы ақшаны алу-алмау жиналған суммаға қатысты. Біз қазақстандықтардың зейнет жасында зардап шеккенін қаламаймыз. Адам зейнетке шыққанда оның шотында тәуір қаражат болуы тиіс», - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстандағы салымшылардың жартысынан көбінің жинағы 1 миллион теңгеге жетпейді. Ал қажет сумма шамамен 10-12 миллион теңгені құрайды екен. Міне, осындай адамдардың саны 102 мың болған.
Тағы бір ұсыныс – жиналған қаражатты баспана мен ем алу мақсатында қолдану еді. Бірақ бұл шешім әлі қабылданбаған екен. Сапарбаевтың айтуынша, ұсыныс президент әкімшілігінде қаралып жатыр.