Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын реттеу мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
«Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0 пайызды құрады. Қабылданған шаралар есебінен төртінші апта қатарынан пияз (-0,9 пайыз), тұз (-0,4 пайыз), күріш (-0,3 пайыз) бағасының төмендеуі байқалады. Сондай-ақ сиыр еті, рожки және ұн бағасының төмендеуі (-0,1 пайыз) тіркелді. Қалған өнімдер бойынша бағалар тұрақты», - деді үкіметтегілер.
Мамин жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету, сондай-ақ инфляцияның жалпы деңгейін 8,5 пайыз шегінде ұстап тұру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы құс еті мен қант нарығы субъектілерінің атына бағалық сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерінің болуы туралы 10 хабарлама жіберді», - деді үкімет өкілдері.