Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің арқасында ұзақ жылдар бойы халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының еңбектері лайықты бағасын алып, олардың есімдері қайта жаңғырып жатқанына тоқталды.
«Өкінішке қарай, түгелге жуығы халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ, ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды», – деді Мемлекет басшысы.