Жамбылдық шаруаларға мал азығын жинау мұңға айналған. Себебі биыл өңірде жаңбыр жаумай, шөп жылдағыдай шықпай қалған. Шөп іздеп сандалған шаруалар шығынға ұшырағандарын да жеткізді.
«Биыл жаңбыр болған жоқ. Жел болды. Жердің бәрі кеуіп кетті. Шөп жоқ. Мойынқұм жақта жайылма жерлер бар. Солардан қалғандарын орамыз. Шөп іздеп жатыр. Жан-жақтан алып жатыр», ‒ деді шаруа Бағдатбек Асқаров «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында.
Бірнеше ауданның шаруалары шығынға ұшырап отыр. Олар көрші облыстардан үш есе қымбат мал азығын сатып алуға мәжбүр.
«Дизель отынының бағасы 200 теңгеден кем емес. Жұмысшыларға да жалақы төлеу қажет. Олар қазір кемінде 200 мыңға жұмыс істейді. Сонымен қатар, шөпке қатысты мәселелер бар», – деді шаруа Шаймерден Исабеков.
Мойынқұм ауданында барлығы 24 мың гектар шабындық бар, оның жартысы күн астында, сусыз, жаңбырсыз кеуіп қалған. Енді малшылар мал азығын іздеуге мәжбүр. Өңірде 200 мыңға жуық ірі қара бар, қысқа 132 мың тонна шөп дайындалуы керек. Бірақ биыл бұл межеге жету мүмкін болмайды. Әкімдік те жағдайдың ауыр екенін растады.
«Ең алдымен, ауылшаруашылық қызметінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру қажет. Біз комиссиямен барып, мәселені тексереміз. Қаншалықты қажет екенін зерттейтін боламыз», – дейді Мойынқұм ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қызыр Елеусізов.
Жалпы, облыстың жемге деген қажеттілігі 1,7 миллион тонна болады. Бүгінгі күні оның 350 мың тоннасы ғана жиналды.