Қазақстанда ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киімді міндетті таңбалау енгізілмек. Осы уақыттан бастап таңбаланбаған аяқ киімдерді шетелден алып келуге және өндіруге тыйым салынады. Сол себепті елімізде аяқ киім бағасының қымбаттау ықтималдылығы жоғары.
Таңбаланбаған тауарларды сатумен айналысатын кәсіпкерлерге 2022 жылдың 1 қарашасына дейін уақыт беріледі.
«Кәсіпкерлердің жаңа тәртіпке дайындалуына бес ай уақыт бар және таңбаланбаған тауарларын сатып тауысуға қосымша бір жылдан аса уақыт беріліп отыр. Кәсіпкерлер үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау мәселесі бойынша кеңес беру нүктесі жұмыс істейді. Ал аяқ киімді цифрлық таңбалау туралы қажетті ақпараттардың барлығы markirovka.kz ақпараттық порталында жарияланады. Сондықтан әрбір өндірушінің де сатушының да нарықтағы жаңа тәртіпке бейімделуіне барлық жағдай жасалды деп айта аламыз», - деді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Бұдан бөлек, кедендік қоймалар да таңбалау тәртібіне дайындалу үстінде. Олардың аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік өндірушілерде таңбаланбаған тауарларға цифрлық коды бар Data Matrix жапсырмалар немесе стикерлер қолданылады.