ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Астана медицина университеті» КЕАҚ жанындағы Біріккен университет ауруханасының құрылыс алаңына барды. Бұл туралы
primeminister.kz сайты хабарлады.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың жаңа стандарттарын енгізу мәселелері қаралды, оларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елімізде 20 ірі көпбейінді аурухана салу арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде 4 клиника еліміздің жетекші медициналық университеттерінің жанынан салынатын болады, бұл ғылымды, білім беруді және емдеу процесін кешенді түрде дамытуға, клиникалық зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи медициналық инфрақұрылымның болуы еліміздің бүкіл денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін түбегейлі мәнге ие. Алдымызда денсаулық сақтау инфрақұрылымын және медицина қызметкерлерінің біліктілігін жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер тұр, бұл халыққа медициналық қызметтерді сапалы жаңа деңгейде көрсетуге жол ашады», — деді А. Мамин болашақ медицина орталықтарының шоу-румын тексеру кезінде.
Сурет: primeminister.kz