Елімізде бензин бағасы өседі.
24.kz мәліметінше, келер жылы АИ-92 бензинінің бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты бензин тапшылығы байқалып, биылдың өзінде жанармай қымбаттауы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшылары осындай болжам жасады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді фактор. Яғни, ерте ме кеш пе бензин қымбаттайды.
«Біздің мұнай барреліне 20-30 доллардан зауыттарға жеткізіледі. Алайда оның өзіндік құны барреліне 40 доллар. Яғни, мұнай өндірушілер қара алтынды ішкі нарыққа тым арзан бағамен сатады. Ал шығындарды экспорт есебінен өндіреді», - дейді сарапшылар.
Бұдан бөлек, елімізде наурызда мұнай өнімдері биржалық тауарға айналды. Енді сұраныс пен ұсыныс арасындағы бағаны нарық белгілейді. «Жанар-жағармай қымбаттайды. Бүкіл әлемде және Қазақстанда да арзан энергия көздерінің дәуірі өтті», - деді сарапшы Олжас Байдильдинов.