ҚР қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігінің басшылығына Мадина Әбілқасымова келді. Мұның алдында ол Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған-ды. Жаңа ведомство қандай жауапкершілікті мойынына жүктейді?
Әбілқасымова Ұлттық банкке ағымдағы жылдың наурыз айының соңында келген. 9 ай ішінде ол департаменттің қаржылық-несиелік саясатына, қаржылық тұрақтылыққа, қаржы нарығының статистикасына, төлем балансына және халықаралық серіктестікке жауапты болды.
Әбілқасымова басқаратын жаңа агенттік өз жұмысына 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап кіріседі. Ұлттық банк агенттікке қаржы нарығын реттеу мандатын берді.
Қаржы нарығын дамыту және қадағалау агенттігі тікелей мемлекет басшысына бағынады және санасады. Күрделі мемлекеттік нысанның құрамына Қазақстанның 17 ірі қаласындағы бөлімшелерді қоса алғанда, 34 басқарма немесе департамент кіреді. Ұлттық банктің қазіргі штатынан 500 маман жаңа агенттікте жұмыс жасамақ. Жаңа ұйым Алматы қаласына қоныс теппек. Ал Ұлттық банктің бас офисі Нұр-Сұлтан қаласына көшеді.
Мадина Әбілқасымова 1978 жылы 1-тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Тұрмыста және екі қыз, бір ұлдың анасы. Ол бұрынғы мәжіліс депутаты және президенттікке үміткер болған Ерасыл Әбілқасымовтың қызы.
2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Әбілқасымова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған. Ал наурыз айының ортасында Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Араға екі апта салып Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметіне қойылған.
Міне, бүгін еңбекқор Әбілқасымова Ұлттық банктен енші алып, бөлек шықты. Оның басқаруындағы агенттік елдегі қаржы айналымын реттейді деп сенеміз.