Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыста, Палата депутаттары бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Құжат Қырғыз Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық имплементациялауға дейін ұзарту жөніндегі уақдаластықтарды іске асыруға бағытталған.
Сонымен қатар, үшінші елдерден әкелінетін кейбір тауарларға қатысты Қырғыз Республикасы қолданатын кедендік-тарифтік реттеу саласына түзетулер енгізу қамтылған. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықаралық шарттарды ратификациялау рәсімдерінің мерзімдері кейбір министрліктер тарапынан жүйелі түрде бұзылатынына назар аударды. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осы маңызды ратификацияны келісудің мемлекетішілік рәсімдерін өткізу бір жылдам астам уақытқа созылған. Осы орайда, Нұрлан Нығматулин, әрине, коронавирус індетін алға тартуға болар, бірақ ол біздің елде ғана емес, бүкіл әлемді жайлағанын айтты.
«Пандемия министрліктер жұмысының қарқынын, сапасын және жауапкершілігін төмендетуге себеп болмауға тиіс. Бұл жерде басты мәселе, құзырлы министрліктер мен құрылымдардың бірлескен жұмысына байланысты. Жалпы айтқанда, халықаралық келісімдерді уақытылы ратификациялау интеграциялық процестер үшін өте маңызды», - деді Нұрлан Нығматулин.
Фото: parlam.kz