ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Қазіргі жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау аясында қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,15 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі 41%, реанимациялық төсек орындары – 27% құрайды. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстары «қызыл аймақта» тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары аймақта».
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру бойынша алдымызға нақты міндет қойды», — деді А. Мамин.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге төсек орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
«Вакциналау кестесін қатаң сақтау керек. Сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қажет», — деді А. Мамин.
Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды.
«Қоғам санитарлық нормаларды сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек», — деп атап өтті А. Мамин.
Фото: aigak.kz